28 Қаңтар, 2015

Андрей МОТОВИЛОВ, «Омская правда» газетінің бас редакторы: «Омбы – екі елге  ортақ қала»

496 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
049Ресейдің Қазақстанмен шекаралас жатқан Омбы облысына барған іссапарымыз кезінде қонақ үйге «Омская правда» газетінің бас редакторы Андрей Мотовилов арнайы іздеп келіп, бізбен танысты. Мақсаты – мүмкіндік болып жатса, «Егемен Қазақстан» арқылы рес­публика жұртшылығына Қазақстан мен Омбы облысының арасындағы ынтымақтастық жайын таныстыру екен. Біз келістік. – Омбы облысы Қазақстанның Ақмола, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарымен шекте­седі, – деп бастады әңгімесін Андрей Мотовилов. – Өңіріміздің аталған осы үш аймақпен, сон­дай-ақ, Қазақстанның өзге де жерлерімен әр саладағы ынты­мақтастығы жыл өткен сайын нығайып келеді. Бұған екі мемлекет басшыларының қосқан үлесі ерекше зор екенін қазақстандықтар да, ресейліктер де жақсы біледі. Оның үстіне бүгінде біздің облыста 79 мыңнан астам жергілікті қазақтар тұрады. Бұл Омбы аумағында тұратын халықтың 4,1 пайызын құрайды. Көпшілікпен бірге олар да ел экономикасының дамуына өз үлестерін қосып жүр. – Өзара ынтымақтастықты тереңдетуде экономикалық салалардағы қатынастардың орны ерекше екендігін өзіңіз жақсы білесіз. Алдымен осы мәселелерден хабардар болсақ дейміз. Омск пр – Бүгінде Қазақстан мен Омбы облысы арасындағы экономикалық қатынастар орнықты дамып келеді. Оны экономиканың әр саласында жүзеге асырылып жатқан жұ­мыстардан көруге болады. Мысал үшін біздің облыс экономикасына тартылған шетелдік инвестицияны алайық. Көлемі жағынан қазақстандық инвесторлар бірінші орында тұр. Қазақстандық әріп­тестер, әсіресе, химия өндірі­сін, қайта өңдеу өнеркәсібін, көлік құралдарына қызмет көрсету және көтерме сауда салаларын көптеп қаржыландыруда. Жалпы, 2013 жылы Омбы облысының Қазақстанмен сыртқы сауда айналымы 405 498,3 мың АҚШ долларын құрады. 2014 жыл статис­тикасы наурыз айында белгілі болатындығына қарамастан, оған байланысты көрсеткіштер де артық болмаса кем емес деп толық сеніммен айта аламыз. Қазіргі кезде облыста 150-ден астам ресейлік-қазақстандық бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Алдағы уақытта өзара ын­ты­мақтастықты дамыту мақ­сатында Омбы облысының үкі­меті Алматы, Ақмола, Шығыс Қазақ­стан, Павлодар, Қостанай және Солтүстік Қазақстан об­лыс­­тарымен экономикалық, ғы­лы­ми-техникалық және мәде­ни ынтымақтастық туралы ке­лісімдер жасады. Омбы облы­сы­ның губернаторы жыл сайын Қазақстанмен шекаралас облыс­тардың әкімдерімен кездесулер өткізіп, түрлі салалардағы қарым-қа­тынастарды дамыту мәсе­ле­леріне назар аударып отырады. Жыл сайын мемлекет бас­шы­ларының қатысуымен Ресей Федерациясы мен Қазақстан Рес­пуб­ликасының өңіраралық ынты­мақтастық форумы өтетіні белгілі. Бұл форум екі елдің шекаралас жатқан облыстарының бір-бірімен тиімді қатынастар орнатуына игі ықпалын тигізуде. Көршілерді жақындастыратын мұндай жиындардан омбылықтар ешқашан сырт қалған емес. Біз­дің іскер топ өкілдері қазақ­стан­дық әріптестерімен тығыз ынтымақтастық орнатқан. Мыса­лы, өткен жылдың соңында омбы­лық делегация Қазақстанның мемлекеттік органдары, ұлттық компаниялары, сондай-ақ, алыс-жақын шетел кәсіпорындары өкілдерімен бірге «Ертіс-Инвест-2014» форумына қатысты. Екіжақты ынтымақтастықта Омбы – Павлодар логистикалық торабын құру жобасы басымдыққа ие болып отыр. Өйткені, бұл жобаға Павлодар облысы мен Омбы облысы аралығындағы темір­жол телімінің құрылысы ғана емес, сонымен қатар, Павлодар облысы мен Қытай арасындағы су көлігі қатынасы да кіреді. Бүгінде Ертіс өзенімен кеме қатынасын кеңейту мәселесіне федеральды үкімет қолдау көрсетіп отыр. Егер жоба жүзеге асырылатын болса, ол біздің өңірге де, көршілес Павлодар облысына да тиімді болар еді. Себебі, су арқылы жүк тасымалдау теміржолға қарағанда едәуір арзан. – Қазақстанға да, Ресейге де ортақ осы Ертіс өзенінің мүм­кіндігін омбылықтар қалай пайдаланып жүр? – Ертіс өзені біздің ортақ бай­лығымыз. Ол – екі ел аймақ­тарын бір-бірімен байланыстыратын көпір. Жалпы, Ертіс өзені бойы­нан қысы-жазы тіршілік үзіліп көрген емес. Өткен жылы Омбыда осы өзеннің жағасында бағалы балық тұқымы өндірісі бойынша алғашқы зауыт ашылды. Жаңа жыл қарсаңында дүкен сөрелеріне «Бородино» деп аталатын сол кәсіпорында өндірілген бекіре балықтарының алғашқы партиясы түсті. Зауыттың қазіргі кездегі қуаты 50 тоннаға дейін балық, 500-700 килоға дейін уылдырық өндіруге мүмкіндік береді. Сонымен бірге, ол жылына Ертіске жіберілетін бір миллионға жуық шабақ та өсіре алады. Міне, бұл осы су бассейнінде ауланған балық түрлерінің азаймауына ықпал етеді. – Ауыл шаруашылығына қолайсыздау болған өткен жылдың өзінде омбылықтар мол астық жинады деп естідік. – Біраз жылдардан бері ауа райының құбылмалы мінез танытуына байланысты егін шығым­дылығы төмен болып келген еді. Ал өткен жыл омбылық аграршылар үшін өте табысты болды. Бітік шыққан егін алқаптарында механизаторлар мен комбайнерлер күндіз-түні еңбек етті. Өкінішке қарай, мол астықтың барлығын жинап алуға мүмкіндік болмады. Мәліметтерге қарағанда, астық алқаптарының 3-4 пайыздайы орылмай, қар астында қалған. Ал жиналған астық 3,2 миллион тоннаға жуықтайды. Кезінде белгілі себептермен үзіліп қалған агротехникалық салалардағы ғылыми байланыс­тар соңғы жылдары қайта жандана бастағаны қуантады. Мысалы, Омбы облысын ғылыми қамтамасыз ету орталығы Қазақстанның бір­қатар  мекемелерімен бірлес­кен ғылыми жұмыстарды белсен­ді жүргізіп келеді. Сібір Ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты Қазақстандағы ғылы­ми мекемелердің көпшілігімен кешенді зерттеулер жүргізуге ар­нал­ған ұзақ мерзімді шығар­машылық шарттар жасасқан. – Андрей Евгеньевич, Омбы облысының оқу орындарында білім алып жатқан қазақстандық студенттер аз болмаса керек. Олардың жағдайлары қалай? – Облыстағы жоғары оқу орындары мен кәсіптік білім беру мекемелерінде оқитын қазақ­стандық студенттердің саны үш мыңнан асады. Кәсіптік білім беру мекемелерінің күндізгі бөлімінде білім алатын студенттер федералды бюджет есебінен қаржыландырылады. Сондай-ақ, оларға шәкіртақы беріледі және қазақстандық студенттер жатақханамен қамтамасыз етілген. Сіздердің елдеріңізден келген қыз-жігіттердің көпшілігі Ф.М.Достоевский атындағы Омбы мемлекеттік университетінде, Омбы мемлекеттік педагогикалық университетінде және П.А.Столы­пин атындағы Омбы мем­ле­кеттік аграрлық университетінде білім алады. Білім беру саласындағы ынтымақтастықтың негізгі бір бағыты – қазақстандық ұстаз­дардың, жас ғалымдар мен сту­денттердің Омбы облысында өтетін халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияларға қатысуы болып табылады. Біздің ынтымақтастығымыз мәдени салада да ойдағыдай дамып келеді. Мәселен, өткен жылы Омбы қаласындағы Шоқан Уәли­ханов көшесі толықтай қайта жөндеуден өткізілді, коммуникациялары жаңартылды және көше бойы түгел көгалдандырылды. Ұлы ғалым, атақты саяхатшы атын­дағы бұл жер бүгінде қала­дағы ең көрікті мүйістердің біріне айналып отыр. Сондықтан да, сөз етіп отыр­ған көше бойынан демалу­шы­ларды, сондай-ақ, көршілес Қазақстаннан келген қонақтарды жиі кездестіресіз. Оның үстіне Қазақстанның Ресейдегі консул­дығының ғимараты да осында орналасқан. Әрі мұнда Шоқан Уәлихановтың ескерткіші бар. Омбылықтар ағартушы ғалымды ерекше құрметтейді. Өйткені, олар Шоқан Шыңғысұлының Омбы қаласының даңқына өзіндік зор үлес қосқанын жақсы біледі. – Біздің білуімізше, Омбы облысы Ресейдегі көпұлтты өңірлердің бірі болып саналады. Аймақта ұлтаралық қатынастар қалай дамытылуда? Омск-1 – Бұл өңір Ресей Федерация­сында ұлтаралық қатынастарды дамыту жөніндегі субъектілердің бестігіне кіреді. Облыста 120-дан астам ұлт тұрады, өңір халықтар достығы ретінде өзге аймақтарға үлгі болып табылады. Қазір 60-тан астам ұлттық-мәдени бірлестік жұмыс істейді. Олар өздерінің салт-дәстүрлерін, мәдени құн­дылықтарын жаңғыртумен қатар, халықтар достығын ны­ғайтуға да өз үлестерін қосып келеді. Солардың бірі әрі бірегейі – «Мөлдір» қазақ мәдени орталығы мен «Шоқан жолы» мәдени қоғамдық ұйымы. Облыста ұлтаралық ынтымақ­тастықты нығайтуға  арналған шаралар да тұрақты өткізіліп тұрады. Сондай жиынның бірі өткен жылдың қазанында «Омбы облысы – халықтар достығы ай­мағы» деген тақырыпта өтті. Халық­­аралық ғылыми-тәжірибелік бұл конференцияға өңірлік және муниципальдық билік орган­дарының өкілдері, ұлттық-мәдени бірлестіктер мен қоғамдық ұйым­дардың жетекшілері, сондай-ақ, студенттер қатысты. Жиында Қазақстан Республикасының Омбыдағы консулы Елдар Қонаев құттықтау сөз сөйлегенін атап өту ләзім. – Әңгімеңізге рахмет. Екі елдің достығына дәнекер бола беруді тілейміз.  Әңгімелескен Жанболат АУПБАЕВ, «Егемен Қазақстан». АСТАНА – ОМБЫ – АСТАНА.